Қалтай Мұхамеджанов

Қалағаң айтқан  қалжыңдар

 

       «Бір топ  ақын-жазушылар   алпысқа  келген  ақынның  үйінде  мейман  болып  отырмыз. Қалтай  тәпішке  кимей  шұлықшаң  отыр.  Мен:

Оу, Қалеке, тәпішке ілсеңізші, аяғыңыз  ауру-ғой,- деймін. – Таяқ ұстап  жүрсіз.

Кимеймін, - дейді Қалтай, - менің табаным көнтақа. Түйенің табанындай. Сенесің бе, отыз жетінші жылы әкей атылып  кеткеннен кейін  институтқа барғанша  жалаңаяқ жүрдім.

Қыста да ма?

Қысы-жазы. Башбайларымның арасынан  көктемде шөп шығып кететін.

Жатып кеп күлеміз.

Күлмеңдер, шыным. Тәшкентке  оқуға  жалаңаяқ бардым.

Бұл енді  болашақ  атышулы драматургтің  балалық дәуірінен бір елес.

Қар жауды. Тобанаяқ болып, мектепке  кешігіп  бардым. Мұғалім:

А, халық жауының  баласы, неге кешігесің? – деді де екі қолыма екі кірпіш көтертіп, қабырғаға қаратып, сілейтіп  тұрғызды да қойды. «Халық жауы» дегеннен үрейленіп, балалар менімен ойнамайтын.

Бұл  болашақ  халық  жазушысының  балалық  шағынан  екінші  елес.

Құрдасы Әбілмәжін  Жұмабаевтың  естелігінен

Шошқаның  майымен  ауыздану

          Қалтай  Мұхамеджанұлы, Нұрмұхан  Жантөреұлы, Бәйтен  Омарұлы  және  мен  жатаханада  бірге  тұрамыз. Ішкі  тәртібіміз  бойнша  тәулік  тамақты  сол  күнгі  кезекші  дайындайды. Кезекшіміз  Қалтай-тын.

          Сабақтан  асыға-үсіге  келсек, бұрқылдап  қайнап  жатқан  еттің  иісі  мүңк  ете  қалды.

Келдіңдер ме  данышпандарым, болашақ  қазақ  өнерінің  саңлақтары!- деді  кезекші  Қалтай  мәртебемізді  көтеріп, - қолдарыңды  жуып  отыра  қойыңдар, сендерге  әкең мен  шешең  жегізбеген  майлы етпен  ауыздарыңды  майлап, қарындарыңды  қампитып, дәмі  ауыздарыңнан  кетпейтіндей  ет  жегізейін!

Содан  кастрюльдегі  кілең  былқылдаған  майды  тарелкаға  түсіріп, бір-бір  ожаудан  май  кілкілдеген  сорпаны  пиалаға  құйып:

Ал  жүрегі  барларың  майдан  асап, сорпаға  қара  нандарыңды  батырып  жеп, бір  бөгіп  алыңдар  данышпандарым! – деп  өзі  бастап  майдан  кесіп  асады да, бізге  сол  әдіспен  асатты. Ашқарақтық па, жоқ  ауылдың  асын  аңсағандығымыз ба, қомағайлана  жеп  жатырмыз. Терлеп-тепшіп  сорпаны  іштік. Ауызды  сүртіп  енді  төсегімізге  жайғаса  бергенімізде:

Ал, қалай  тойдыңдар ма? – деді  Қалтай  стол  үстін  жинастырып  жатып.

Шүкір, тойдық, - деп  Нұрмұхан  керіле  тісін  шұқыды, - қанша  семіз  болса да қайран  біздің Гурьевтің  бекіресіне  қайдан  жетсін, - деп  балығын  аңсап  төсегіне  жатты да, кітапбын  оқуға  кірісті.

Шіркін, жылқы  еті  болып  оған  күлшетай  илеп  салып, бебармақ  етіп  жее қой, әйбат  тамақ  болмақ екен, - деп  Бәйтен  қолын  сүртіп, домбырасының  бұрауын  келтіре  бастады.

Ал, сен  не  дейсің? – деді  Қалтай  маған.

Еті  сор  тати ма,  қалай  өзі? Біздің  Жамбылдың  Еділбай  қойларының  майлығының  шиыршығына да  келмейді, - дедім мен де қарным  тойған  соң  кесірленіп.

Баяғыда  бір  қатын  тамаққа  әбден  тойып  алып  айтқан  екен «Құнарсыздың  істеген  тамағы  қыл-қыбыр, жүн-жібір» деп, сол айтқандай  бірің  балығыңды, бірің  жылқыңды, бірің  қойдың  етін  аңсап  кесірлендіңдер ғой. Ау, бұл  шошқаның  нағыз  майлы  сүбесі  емес пе, шынымен  дәмін  білмедіңдер ме? – дегенде  ішкен-жегендерім  алқымыма  келіп, далаға  ата  жөнелдім.

Ішімді  тазалап  жатаханаға  кірсем, болашақ  өнердің  үш  данышпаны  төсектерінде  сұлап  қарындарын  сипап  жатыр. Сөйтсем  бұл  қулар  шошқа  етіне   бұрыннан  төселген  екен. Мен болсам, аузыма  ұшық  шығып  шошындым. Осылай  Қожа Қалтай  мені  шошқа  етімен  ұшықтаған. Мен  не  дейін «обалы – өзіне» дедім.

Өзіме де сол керек

     Бала  кезімде  шешеміз  не  бір  сотқарлығымыз  үшін  күйінгенде: «Сен  жүгірмек  мен  өлсем  басыма  көктас  қоярмысың?  Деп  ашына  ұрысатыны есімізде. Қалтай, «анамның ақ  сүтін  ақтайын, басына  көк  тастан  белгі  тұрғызайын» деген  ниетімен  Жамбылға  келді. Қаратауды  бетке  алған «Волга»  ішінде  екеуміз  келеміз. Көше  жағасындағы  тізбектеле  өскен  ағаштарды  артқа  тастап, ескі  зираттардың  қасына  таяп, машина  тоқтаттым.

Неге  тоқтадың?

Анау  жиектегі  басында  тамы  бар  бейіт Әкімнің  бабасы Әшім  молданың зираты, - дедім. Екеуміз  машинадан  шығып солай  қарай  жүрдік.

Әкімнің, қай Әкім?

Өзіміздің «бүлкілбай» Әкім Таразиымыз шы?

Е-е, Ашимов Әкім де.

Иә, сол Әкім. Әруақтарға  бағыштап  құран  оқы. «Қожа Қалтай» деген  лақабың бар, - деп мен де  бір  жағынан қалжыңдап, бір  жағы  шын  ниетімді  білдірдім.

Оқиын, оқиын, - деп  зираттың  аяқ жағына тізерлей  отырды.

Құран  оқылып, дұға  жасап  болған соң Қалтайдың  қолына  қомақты  ақшаны  ұстаттым.

Мынауың не? – деді  ақшаны  қолына  ұстап  тұрып.

Ықыласыңа екі  мың сом.

Көп қой мұның.

Бұйырсын. Ақшаның  көптігі  жоқ

Оу, данышпаным, сен Алматыда  жүргенде  көк  тиыныңды  көрсетпейтін  жалаңаяқтардың  бірі  едің, Жамбылға  келіп  мырзалығың  асыпты, мұның  айта  жүретін  әңгіме  болды.

****

     Арада  күндер  өтті. Қалтайдың  үйінде  қонағымын. Ет пен  шайдың  арасындағы  үзілісте Қалтайдың  іс  бөлмесіне  крдік. Сөре-сөре  кітаптардың  ішінен  көнелей  қоын  дәптерін  алып  парақтай  бастады.

Е, міне, таптым. Осыдан  бес жыл бұрын  менен  екі  мың сом  алған  екенсің, сол  қарызыңды  әлі  бермепсің ғой?

Бергем, - дедм  тіксіне.

Қашан?

Қаратауға  кетіп  бара  жатқанда  жол-жөнекей  аруақтарға  бағыштап  құран  оқығаның  есіңде ме?

Есімде

Әп, бәрекелді. Сол жолы қолыңа  уыстата  ақша  ұстатқам.

Иә, ұстатқансың.

Сол ақша  тура  екі  мың-тын.

Ау, данышпаным-ау, ол ақшаны  сен  менің  құран  оқығаныма  берген  жоқ па ең?

Ау, пайғамбарым (мен қалтайды  солай  айтатынмын), әр  оқылған  құранға  екі  мыңнан  ақша  бере беретін  мен не, ақша  туып  жатырмын ба?

Е, солай де. Ал мен  болсам, сені  мұндағы Әкім, Қалихан, Сайындарға  «Біздің  Тұрар  келелі  адам  болып  қалыпты, «Әке  көрген  оқ жанады» дегендей  әке  тәлімін  алған  емес пе, жай  құран  оқығаныма екі  мың  сом  ақша  берді, ал сендер  болсаңдар  жазушы  деген  дап-дардай  аттарыңмен  ең  болмаса  үйлеріңе  шақырып, бір  шәугім  шәй  беруге жарамайсыңдар, қаланың  желбуаз, жалаңаяқтары» деп  балағаттап, сенің  аяғыңды  жерге  тигізбей  мақтап  жүрсем, сен  мені  қатырған  екенсің, - деп  телефонды  тере  бастады.

Телефондасқан  трубканы  көтерді  білем.

Ау, Әкім! Мен  беерден-бекер  Тұрарды  мақтап, сендерді  балағаттап  жүріппін, Тұрарың  нағыз  ит екен  енді оған сенбеңдер.

Трубкадағы  Әкім: «Өзіңе де сол керек» деген  болу  керек,

Мә, дұрыс  айтасың, «өзіме де сол керек» - деп  телефонның  трубкасын  қойды.

Ұшықталған  дүмше  молда

        Ақтаңдақ  кезеңнің  қылышынан  қан  тамған, небір  ардагер  азаматтардың  нақақтан  «халық  жау»  атанып  атылып, сотталып, жер аударылып  жатқан  кез. «Өзізе туған  күн  танағаға  туадының»  кебімен  бұл  ойран  Қалтайдың  үйінің де  есігін  қағыпты.

       Ол  кезде  Қалтай  қабырғасы  қатпаған  бала. Арқа  сүйері – иек артары – жалғыз  шешесі. Екеуінің  қорегі  шешесі  байғұстың  күндіз  күлкі көрмей, түнде  ұйқы  көрмей  тырнағын  күпсітіп, табанын  тілдіріп  жүріп, Сыр  бойынан  арқаланып  базарға  алып  келіп  сататын  шеңгел  отынынан  айыратын  тиын-тебен.

      «Өлеңді  жерде  өгіз  семіреді, өлімді  жерде  молда  семіреді» дегендей, қара  көсе  шал  Қалтайдың  үйіне  үйір  болып  алғалы  қашан. Жұма  намаз  сайын, келгіштей  беретін  көрінеді. Оған  апасы  пайғамбарды  күтіп  алғандай  есегінен  қолтықтап  түсіріп, қолына  су  құйып, патшада  күтеді.

      -    Ә, бейшара  жетімегім, әлі-ақ  жетіліп  кетесің, - деп  жетімнің  арқасынан  қағып, төрдегі  төрт  қабатталып  төселген  көрпешінің  үстіне  қонжияды.

      Неге  екені  белгісіз, әйтеуір  осы  шал Қалтайға  ұнамай-ақ  қойды.Ал шешесі  болса  бейсенбіден  жұмаға  ауған  түннен  бастап  молданы  күтуге  әзірленіп, тыныш  таппайды. Тоқаш, шелпек  пісіріп, қалған-құтқан  жылы-жұмсақтарын  пісіріп  әуре-сарсаңға  түсіп  әлек. Молдаға  жалпаңдағаны  сонша  дастарханын май, жент, қантпен  толтырып, үндінің  күрең  шайна  түйенің  қорғасындай  қою  сүтін  қатып, бір  самаурынды  қонағына  терлеп-тепшіп  ішкізеді. Бұдан  кейін  алдына  ет  тартылады. «Ет  дегенде  бет  бар ма»  дегендей  ет  желініп  болған  соң  табақта  қалғанын  «немерелерім  жесін»  деп  орамалына  орап  алады. Қалтай болса  артистің  ойынын  көргендей  терезенің  сыртынан  сығалап, сілекейін  ағызып, тамсанып  отырғаны.

      Құран  оқитын  кез де  келеді. Шешесі  байғұстың  апта  бойы  күтетіні – сүйегінің  қайда  қалғанын  білмейтін  күйеуінің  аруағына  бағышталып  оқылатын  осы  құран. Молда  құранды  үнін  шығармай  бастайды да, арасында «Ұ ұлу    алла, қу ауқат, алла су самат...»  деп  даусын  кенеп, шыбындаған  жылқыдай  басын  шұлғып, «сұбыхан  рабиға... қайыр  мырзалы...»  деп  құранның  қасиетті  сөздерінің  быт-шытын  шығарып, бата  қылады.

     Молданы  шығарып  салған соң  шешесі: тәбәрік  болады, балам, жей ғой, - деп  молдадан  қалған  тамақты  алдына  қойғанда  Қалтайдың  жүрегі  жарылардай  болып  «марқұм  әкесінің  аруағына  тие  берсін» деп  табақтағыны  амалсыз жейді. Шешесі  байғұс  марқұм  шалының  аруағына  құран  оқылғанына  разы.

     Етке  тойып  алған Қалтай  шешесіне:

Апа, құранда «қу ауқат..салат...рабиға» деген  сөздер  бар ма? – деп қырсық  сұрақ  қояды.

Оны  қайдан  естідің?

Жаңа  молдаңыздың  аузынан.

Балам, құранға  тіліңді тигізбе.

Құранға  тіл  тигізіп  отырған  мен  емес, жаңағы  дүмше  молдаңыз ғой,  құрандағы «хулху алло ху аһат» дегенді «қу ауқат...» деп, «субхан рабиха...»  дегенді  субыхан  рабиға» деп, «Ғайып мазғұби...» дегенді «қайыр мырзалы» деп оттап, құранның  мылжа-мылжасын  шығарды ғой.

Осы  сен  біздей  тіліңді  безілдете  беруіңді  қашан  қоясың, а? Сен бе, сен  мына  тікенектей  тіліңмен  әлі  жұғымсыздың  бірі  боларсың, - деп  апасы  желкесінен  бір  түйіп  жіберді.

****

      Апасы  ауылына  төркіндеп  кеткен. Жұма  күні  молданы  күтіп  алу  Қалтайдың  еншісіне  тиеді. Ойы  көк  есектіні  екініші  рет  үйге  аяғын  бастырмайтындай  ету. Ол  үшін  не  істеу  керек?

      Қалтай  көршісі  сойып  жатқан  шошқаның  етінен  екі  килодай  алады да, молданың  келетін  уақытына  қарай  асып, қамырын  жайып, дайын  тұрады. Молда  келіп  төрге  отырған соң:

Намаздан  ашығып  келген  шығарсыз, дәм ала  отырыңыз, - деп  табақ  үстінде  кілкілдеп  тұрған  шошқаның  етін  алдына  тартады.

Молда  қолындағы  ұстарадай  бәкісімен  ақ  майдан  білемдеп  кесіп  алып,  қомағайлана  асап, шайнамай  көмеінен сылқ  еткізеді... Үшінші  білемін  жұта  бергенде  аузындағы  сойдиған  жалғыз  тісіне  шошқа  етінің  шандыры  ілініп  қалып, көмекей мен  құлқынның  арасында  не  ары, не бері өтпей қаңтарылып қалсын. Молданың  көзі  май  жеген  мысықтың  көзіндей  жалт-жұлт етіп ойнақшып, шарасынан  шығардай болады. Бір  кезде қиқ-шиқ  етіп  бір  бозарады, бір  қызарады. Пора –пора  тер  моншақтайды. Желкемнен  ұр  дегендей  ымдайды. «Ұрсам, ұрайын» деп Қалтай молданың  желкесінен аямай  бір  қойғанда  шандыр ет аузынан атылсын. Сөйтіп  қонағының  жанын аман  алып  қалады. Есін  әзер жиған молда:

Ау, жетім, мынауың  қошқардың  еті ме? – деп Қалтайға  бедірейе қарайды.

Жоқ, молдеке, шошқанікі еді, - деп Қалтай да бедірейе  жауап береді.

Е, арамза, арамза жетім! – деп лоқсыған  молда  үйден ата жөнелсін.

Өзіңе де сол керек, дүмше, - деп Қалтай мәз.

****

       Апасы  төркіндеп  келісімен  ауылдан  ала  келген  майлы  еттерін  әдеттегідей  жұма  күні  қазанға  салып, самаурынын   бұрқылдатып  молданы  күтеді.

Апа, молдаңыз келмейді, - дейді Қалтай.

Неге?

Сыбағасын  жеп  кеткен сіз жоқта.

Қай сыбаға?

Дүмше молдаңызды  екінші рет  біздің  үйге  аяқ  баспайтындай  етіп Иван  ағайдың  шошқасының  етімен  ұшықтап  жібергем, - дейді Қалтай қасқая.

О, қу шешек, қу шешек!

Шешесі  байғұс  көкірегіндегі  күйігіне  ие  бола  алмай, көзіне  үйіріліп  келген  жасын  төгіп-төгіп жіберіп:

Сен  шешек  жалғыз  алданышымызды да бездірдім де, жарлының  үйіне  енді  кім  келіп  құран  оқиды... – деп  қолына  түскен  шыбықпен  баласын  үйді  айналдыра  қуып  жүріп, сабайды.

Таяқты  жеуін жейді. Есесіне  шешесін  майшелпек  етіп  алған  дүмше  молдадан  құтқарған  екен.

                                                                    Тұрар Дүйсебайұлы

 

 

Жапонияға  ұшқанымда, - дейді  Қалағаң  қасымдағы  бір  шетелдік  шала-шарпы  орысшасымен:

- Ағылшын  білесің бе? – деді. Басымды  шайқадым.

     - Немісше ше?  Басымды  шайқадым. 

     - Фрацузша?.. Басымды  шайқадым. Ол  қолын  бір  сілтеді де, теріс  қарап           

      отырды. Оның  иығынан  қағып:

Қазақша  білесің бе? – дедім. Басын  шайқады.

Өзбекше ше?  Басын  шайқады.

Ұйғырша ше?  Басын  шайқады. Мен де  қолымды  бір  сермеп, теріс  қарап  отыра  беріп  едім, әлгі  шетелдік  ыржалаңдап, кешірім  сұрағандай  қабырғамды  күтірлете  қапсыра  құшақтады.

****

        Бірде  бір  топ  зиялылар  әңгіме  тізгінін  жіберіп, «Бұл өмірде  Аллаға  да  жағу  қиын, ағайынға да  жағу  қиын»  деп  мұңайған  көрінеді. Сонда  Қалағаң: «Аллаға  жағам  десең  азанды  бол, Ағайынға  жағам  десең  қазанды  бол», -  деп  сөздің  түйінін  бір-ақ  айтыпты.

****

         Бір  құрметті  дастарқан  басында  бірсыпыра  атақты  адамдардың  бастары  қосылып  қалады. Алдымен  үлкендердің  өкілі  боп  Хамаң  (Хамит  Ерғалиев)  сөйлейді де, одан  кейінгі  сөзді  Қалағаңа  береді. Сонда  Қалағаң: «Біздің  Хамаңдар – сөздің  комбайны. Ол  кісі  жүріп  өткеннен  кейін  бізге  тек  масақтары  ғана  қалады ғой», -  деген  екен.

****

         Бірде  мені  Президентпен  бірге  баратын  журналистердің  қатарында  Германияға  жіберді.  Кетерімде  «Германияда  қанша  күн  боласыңдар?» деп  сұрады. «Төрт-бес  күн  болармыз», деп  едім, «Ақшаң  бар ма?» - деп  сұрап  алды да, «Бар», - дегеніме  қарамастан, «Әй, сендер  қайбір  жетісіп  жүрсіңдер», - деп  қалтасынан  екі  жүз  доллар  алып  берді.

          Сөйтіп, мен  Германияда  жүрмін. Ол  кісі  екі  күннен  соң  редакцияға  келіп: «Сендер  бүгін  радиодан  соңғы  жаңалықты  естідіңдер ме? – деп  сұрайды. «Жоқ, естіген  жоқпыз. Не  болыпты?» - дейді  редакциядағылар. «Әй, сендер  бұл  жаңалықты  неге  естімей  жүрсіңдер, а?! Біздің  Дидахметті  кеше  Гельмут  Коль  қабылдапты, Назарбаевты  бүгін  қабылдайды  екен!» - депті  елді  күлдіріп.

                                                                    Дидахмет  Әшімхан